Пәкістанға қаржылай көмек көрсетіледі

АҚШ билігі алапат су тасқынынан есеңгіреп қалған Пәкістанға қаржылай көмек көрсетуге ниетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таяуда Құрама штаттардың мемлекеттік хатшысы қазынадан 10 млн доллар бөлінетінін мәлімдеді. Энтони Блинкеннің айтуынша күні бүгінге дейін АҚШ Пәкістанға 56 млн доллар бөліп, гуманитарлық жүк тиелген бірнеше ұшақ жөнелтті.

Жуырда Германия билігі де Пәкістанға көрсететін көмекті 13 млн-нан 39-млн-ға дейін көбейтсе, Дүниежүзілік Банк 2 млрд доллар бөлетінін хабарлады. Айта кетейік, алапат су тасқынынан кейін Пәкістанның 1600 тұрғыны көз жұмды. Апаттан келген шығын 30 млрд доллрға бағаланып отыр.

Баспанасынан айырылған жұрт әлі күнге дейін ашық аспан астында түнеуге мәжбүр. Бұл аздай аймақта безгек ауруы белең алып барады.

БҚО аумағындағы шекара бекетінде бақылау күшейтілді

Батыс Қазақстан облысы аумағындағы шекара бекеттерінде бақылау күшейтілді, деп хабарлайды «Хабар 24». Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов айтты. Өңірдегі көші-қон қызметіне 1500-ге жуық ресейлік азамат жүгініп, уақытша тіркелген. 1200-ден астам адам халыққа қызмет көрсету орталығынан ЖСН алған.

Еріктілердің бастамасымен шекарадан Орал қаласына дейін жолаушылар автобусы қатынап жатыр. Жатын орын таппағандарына екі жазғы лагерь базасында 330 орын бөлінді. Соңғы күндері пойыз, ұшақ және қаларалық автобустарға билет тапшылығы бар.

Облыс әкімдігі бұл бағытта тиісті компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бақытжан Нарымбетов, облыс әкімінің орынбасары: – Қаламыздағы №1 автопарк Атырау қаласына сұраныс болғандықтан бір күні 1 рет шығады, екінші күні 3 рет щығады.

Сонымен қатар Ақтөбе қаласына да бір рейсті күн сайын жіберуге дайындығын білдіріп отыр. Пойыз бағыттарына қосымша вагондар тіркеу және әуе рейстерін көбейту бойынша да министрлікпен, «Қазақстан темір жолымен», әуе компанияларымен келіссөздер жүргізіп отырмыз.

Источник: https://24.kz

Ресейде жартылай мобилизацияға қарсы ереуілде 2300-ден астам адам қамауға алынды

Бұл БҰҰ ұсынып отырған мәлімет. Ресей президенті Владимир Путин халыққа ішінара мобилизация жайында жасаған үндеуінен кейін елдің бірқатар шаһарында наразылық акциялар ұйымдастырыла басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ашуға бой алдырғандар военкоматтарды өртей бастаған. Елден кетіп жатқандар да көп. Финляндияның кеден қызметі демалыс күндері 17 мың ресейлік азамат шекара асқанын хабарлайды. Бұл өткен аптамен салыстырғанда екі есеге артық.

«Келген ресейліктерге көмектесуді күшейту қажет» – Әлихан Смаилов

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов шетелден келген азаматтарды уақытша жұмысқа орналастыру кезінде Қазақстандағы еңбек заңнамасының сақталуына бақылауды күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

«Елдегі құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ келген ресейліктерге көмектесу: оларды дер кезінде тіркеу және ЕАЭО заңнамасына сәйкес еңбек мәселелерін шешу бойынша жұмысты күшейту қажет. Сонымен бірге ол жалға берілетін тұрғын үй нарығындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдау маңызды», – деді Әлихан Смайылов көші-қон мәселесі бойынша өткен кеңесте.

Сондай-ақ Смайылов барлық көлік инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуді, келушілердің кептелісін болдырмау үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ қосымша қызмет көрсету терезелерін ашу арқылы халыққа қызмет көрсету орталықтарының үздіксіз жұмысын ұйымдастыру тапсырылды.

Cауд Арабиясы қазақстандықтар үшін қажылыққа бару рәсімін жеңілдетпек

Сауд Арабиясының қажылық және ұмра министрлігі елордада өткен кездесуде қажылыққа бару жеңілдетілетінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Astana TV арнасына сілтеме жасап.

Министрлік қажылық жасаудың жаңа мүмкіндіктері туғанын айтып, “НУСУК” платформасымен таныстырды. Электрондық платформа арқылы қажылар қажет ақпаратты іздеп, түрлі қызметтерді қолдана алады әрі діни және мәдени тәжірибе жинайды.

“Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы туризм күннен-күнге дамып келеді. Біз халыққа үш бағытта қызмет көрсетеміз. Туризм, қажылық және умраға саяхат жасауға болады. Қазақстандықтар көбінесе Мекке мен Мәдина қаласына барады. 2021 жылы 36000 адамға қажылық қызмет көрсетілді. Бұл көрсеткіш биыл одан да артады деп ойлаймын” – деді “НУКУС” ұйымының басқарушы директоры Фахд Хамидадин.

ЖақындаСауд Арабиясы мен Қазақстан арасындағы туристік бағыттарды дамыту бойынша бірнеше меморандумға қол қойылды. Елдер арасында әуе рейстерін көбейтіп, авиакомпаниялар жолаушылар тасымалын аптасына 8-ге дейін арттыруды көздеп отыр. Бұл – Қазақстандағы «ашық аспан» режимі аясында жүзеге асырылады.

ЖОО-да тегін білім алатын сарбаздар қалай іріктеледі?

Қазір мерзімді қызметін өтеп жүрген сарбаздардың 70 пайызы бұл ұсынысты қолдаған.

Мерзімді қызметін өтеген сарбаздарға ЖОО-да тегін білім алуға мүмкіндік беретін жоба 2023 жылы іске қосылады. Бірақ бұл мүмкіндікті арнайы іріктеуден өткендер ғана иелене алады, деп мәлімдеді қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева.

«Әскери қызметшілер, яғни әскери, мемлекеттік-құқықтық, дене шынықтыру даярлығы және тағы басқа сабақтардың нәтижелері бойынша іріктеледі. Арада сыбайлас жемқорлық болуы мүмкін екенін түсінеміз. Сол себепті қазір осы тәуекелдерді ескеріп, оларды барынша азайтатын арнайы іріктеу әдістемесін әзірлеудеміз. Барлығы ашық болады», – деді Айгүл Төлембаева.

Министрдің кеңесшісі аталған жобаның келер жылдан бастап іске қосылатынын атап өтті.

«Жоба жұмыс істеп жатыр. Біз министрдің бұйрығымен бекітілген тиісті ережелерге өзгерістер енгіземіз. Оны іске асыру алдағы 2023 жылы басталады», – деді министр кеңесшісі.

Сондай-ақ, Айгүл Төлембаева қазір мерзімді қызметін өтеп жүрген сарбаздардың 70 пайызының бұл ұсынысты қолдап отырғанын бөлісті.

Офицер болғысы келетіндер ЖОО әскери кафедрасында емтихансыз тегін оқи алады

Тегін білім алу мүмкіндігі барлық сарбазға бірдей берілмейді.

Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева мерзімді қызметін өтеген сарбаздардың барлығы бірдей жоғары оқу орнында тегін білім ала алмайтынын мәлімдеді. Бұл мүмкіндікті белгілі бір талаптарға сай ғана сарбаздар иелене алады.

«Тегін білім алу мүмкіндігі барлығына бірдей берілмейтінін ескеруіміз керек. Біріншіден, олар елдің кез келген жоғары оқу орнына ҰБТ-ны есепке алмай ақылы негізде оқуға түсе алады. Ал қызмет кезінде өзін жақсы көрсеткен сарбаздар жоғары оқу орнының есебінен оқи алады», – деді Айгүл Төлембаева.

Мұнымен қатар, министр кеңесшісі мерзімді әскери қызметін өтеген жастардың ЖОО жанындағы әскери кафедраларға емтихансыз түсіп, тегін оқи алатынын айтты.

Тоқаев: 2025 жылға қарай кемі 100 мың жоғары білікті ІТ маман даярлау қажет

2025 жылға қарай әлемде айти мамандарына деген сұраныс 200 миллионға дейін артады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge 2022 халықаралық технологиялық форумында ІТ нарықтағы мамандар тапшылығы мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, Екі жыл бұрын әлемдік ІТ нарыққа 30 миллион маман керек еді. Бүгінде бұл қажеттілік 100 миллионға жетті. Ал 2025 жылға қарай 200 миллионға дейін артады. Уақыт өткен сайын бұл көрсеткіш өсе береді.

«Сондықтан аталған салада кәсіби мамандарға деген сұраныс өте жоғары болады. Біз бұл сын-қатерді жақсы түсінеміз. Сондықтан 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті ІТ маман даярлау міндетін қойдық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, бұл міндетті орындау үшін бейінді университеттер өңірлік жоғарғы оқу орындарын қамқорлығына алды, грант арқылы оқыту кеңейіп, 12 жеке меншік IT-мектеп ашылды.

«Жуырда Нью-Йоркке жасаған сапарым аясында «Digital Nomads» IT-қауымдастығындағы жас отандастарымызбен кездестім. Олар АҚШ, Еуропаның ірі компанияларында жұмыс істейді және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті. Қазіргі таңда Қазақстанда да халықаралық деңгейдегі өнімдерді жасауға қабілетті талантты адамдар аз емес. Сондықтан Үкіметке келесі міндеттер қойылады: бір жағынан, жастар қай жерде жұмыс істесе де, оларға қолдау көрсету керек, ал екінші жағынан, оларды еліміздегі цифрландыру ісіне барынша араластыру қажет», – деп атап өтті президент.